Жарияланған күні: 22.02.2024 09:08
Өзгертілген күні: 22.02.2024 09:10

Тауарларды, жұмыстарды, кызметтерді сатып алушы есепке жатқызатын қосылған құн салығының сомасы, егер олар салық салынатын сату айналымы мақсаттары үшін пайдаланылса немесе пайдаланылатын болса, төлеуге жататын  қосылған құн салығының сомасы болып табылады.

Есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасы, қосылған құн салығының төлеуші болып табылатын тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді жеткізуші берген құжаттарда көрсетіледі, бұл:  шот-фактура; немесе жол жүру билет; әуе көлігінде жол жүру фактісін растайтын құжаттар; тауарлар импортталған жағдайда кеден заңнамасына сәйкес ресімделген тауарларға арналған декларацияда; бейрезидент берген жұмыстар, көрсетілетін қызметтер сатып алынған жағдайда – қосылған құн салығы бойынша декларацияда.

Және тұлға қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қойылған жағдайда – қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қойылған күнге дейін салық төлеуші сатып алған, жасаған, салған және қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қойылған күнге меншік құқығында болатын тауарлар бойынша, алушы есепке жатқызатын қосылған құн салығының сомасы деп танылады.

 Маңызды! Осы тармақшаның ережелері қайта ұйымдастыру нәтижесінде жаңадан құрылған заңды тұлға алған тауарларға қатысты қолданылмайды.

Қосылған құн салығы қандай салықтық кезеңде есепке алынады?

Есепке жатқызылатын қосылған құн салығы неғұрлым кеш болатын мынадай күндердің біріне тура келетін салықтық кезеңде есепке алынады:

        1)тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алу күні;

        2)қосылған құн салығын есепке жатқызу үшін негіз болып табылатын шот-фактураны немесе өзге де құжатты жазып беру күні.

       Тауарлар импортталған жағдайда, есепке жатқызылатын қосылған құн салығы неғұрлым кеш болатын мынадай күндердің біріне тура келетін салықтық кезеңде есепке алынады:

       1)бюджетке төленетін төлемді, оның ішінде есепке жатқызуларды жүргізу арқылы салықты төлеу есебіне жүзеге асыру күні;

       2)Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес жүргізілген кедендік ресімдеу күні немесе тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініште осындай салық есептелген салықтық кезеңнің соңғы күні.

Бейрезидент берген жұмыстарды және көрсетілетін қызметтер сатып алынған жағдайда, есепке жатқызылатын қосылған құн салығы неғұрлым кеш болатын мынадай күндердің біріне тура келетін салықтық кезеңде есепке алынады:

      1)бюджетке төленетін төлемді, оның ішінде Салық Кодекстің 102 және 103-баптарында айқындалған тәртіппен есепке жатқызуларды жүргізу арқылы салықты төлеу есебіне жүзеге асыру күні;

       2)қосылған құн салығы бойынша декларацияда осындай салық есептелген салықтық кезеңнің соңғы күні.

       Қосымша шот-фактура бойынша есепке жатқызуға жататын қосылған құн салығы осындай шот-фактураны жазып беру күні тура келетін салықтық кезеңде есепке алынады.

       Күші жойылған шот-фактурада және түзетілген шот-фактурада көрсетілген айналым жасау күндері ерекшеленетін және әртүрлі салықтық кезеңдерге тура келетін жағдайларды қоспағанда, түзетілген шот-фактура жазып берілген жағдайда қосылған құн салығының сомасы күші жойылған шот-фактура бойынша осындай салық есепке алынған салықтық кезеңде есепке алынады.

Маңызды! Егер электрондық нысанда жазып берілген шот-фактурада қағаз жеткізгіште жазып беру күні көрсетілсе, онда осы тармақтың мақсаттары үшін осындай күн шот-фактураны жазып беру күні болып танылады.

"Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес электр және (немесе) жылу энергиясын, жүйелік көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде, есепке жатқызылатын қосылған құн салығы осындай тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналымды жасау күні тура келетін салықтық кезеңде есепке алынады.

Есепке жатқызылмайтын қосылған құн салығы.

1.Есепке алынбайтын қосылған құн салығы түсіміне байланысты төленетін қосылған құн салығы болып табылады:

      1)егер қосылған құн салығын төлеуші бөлек есепке алуды жүргізу арқылы әдісін қолданса, салық салынбайтын айналым мақсатында пайдаланылып жатқан немесе пайдаланылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді;

      2)негізгі құралдар ретінде есепке алынған (есепке алынатын) жеңіл автомобильдерді;

      3)есепке жатқызу үшін негіз болып табылатын құжатта осындай құжатты жазып берген тұлғаның және (немесе) осындай құжат жазып берілген тұлғаның сәйкестендіру нөмірі көрсетілмеген немесе дұрыс көрсетілмеген;

      шот-фактурада құжатты жазып беру күні, шот-фактураның нөмірі, тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің атауы, салық салынатын айналымның мөлшері туралы деректер көрсетілмеген;

       шот-фактура Салық Кодекстің 412-бабының талаптарына сәйкес куәландырылмаған;

      шот-фактура Салық Кодекстің 412-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда, Салық Кодекстің 412-бабы 1-тармағының талаптары бұзыла отырып, қағаз жеткізгіште жазып берілген;

      шот-фактура қағаз жеткізгіште жазып берілген және электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесіне енгізілмеген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді;

      4)төлемнің мерзімділігіне қарамастан, азаматтық-құқықтық мәміле бойынша төлемі қосылған құн салығы ескеріле отырып, қолма-қол есеп айырысу арқылы жүргізілген және республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және төлемді жасау күніне қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1 000 еселенген мөлшерінен асып кететін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді;

      5)қосылған құн салығынан босатылатын, сол сияқты қосылған құн салығы салынатын айналымдар түрінде өткізуге арналған тұрғын ғимаратты салу үшін пайдаланылып жатқан немесе пайдаланылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді;

      6)Қазақстан Республикасының аумағындағы банктегі арнайы депозиттік шотта орналастырылған тарату қорының қаражаты есебінен сатып алынған тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді;

       7)дербес білім беру ұйымдары Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында көзделген, өздері алған нысаналы салым немесе осындай нысаналы салымның қаражатынан өтеусіз негізде қаржыландыру есебінен сатып алған тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді;

      8)лотерея өткізу мақсатында пайдаланатын немесе пайдаланылатын, лотерея операторы сатып алған тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алуға байланысты төлеуге жататын қосылған құн салығы есепке жатқызылмайтын қосылған құн салығы деп танылады.

      2.Есепке жатқызылатын қосылған құн салығы ретінде танылмайды:

      1) комиссионерден – комиссия шартының талаптарына сәйкес келетін талаптармен комитент үшін сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша төлеуге жататын қосылған құн салығы;

       2) экспедитордан – көлік экспедициясы шарты бойынша клиент болып табылатын тарап үшін осындай шарт бойынша міндеттерді орындау кезінде тасымалдаушыдан және (немесе) басқа да өнім берушілерден сатып алынған жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша төлеуге жататын қосылған құн салығы есепке жатқызылатын қосылған құн салығы деп танылмайды.

       3.Тұрғын ғимаратты салуды жүзеге асыратын қосылған құн салығын төлеуші қосылған құн салығынан босатылатын, сол сияқты қосылған құн салығы салынатын айналымдар түрінде өткізуге арналған тұрғын ғимаратты салу үшін пайдаланылып жатқан немесе пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетiлетін қызметтер бойынша қосылған құн салығын осы Кодекстің 410-бабында көрсетілген мақсаттар үшін салықтық тіркелімде бөлек есепке алады және декларацияда:

       тұрғын ғимараттың тек қана тұрғын емес үй-жайлардан тұратын бөлігін өткізу немесе жалға беру жағдайы басталғанға;

       Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мұндай тұрғын ғимарат пайдалануға қабылданғанға дейін көрсетеді.

       Мұндай қосылған құн салығы одан әрі Салық Кодекстің 410-бабында айқындалған тәртіппен есепке алынады.

       Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген жағдайлар басталғанға дейін мұндай құрылыс объектісі немесе оның бір бөлігі аяқталмаған құрылыс объектісі түрінде өткізілген кезде осындай өткізу күніне бөлек есепке алынатын қосылған құн салығының сомасы есепке жатқызуға рұқсат етілген, Салық  Кодекстің 410-бабының 1-тармағына сәйкес айқындалатын қосылған құн салығының сомасына азайтылады.

Есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасынан алып тастау

      Бұрын есепке жатқызылатын қосылған құн салығы деп танылған қосылған құн салығы мынадай жағдайларда:

      1)шот-фактураны және (немесе) өзге де құжатты жазып беру әрекетін (әрекеттерін) сот жеке кәсіпкерлік субъектісі іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей жасады деп таныған немесе қылмыстық қудалау органының сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ақталмайтын негіздер бойынша тоқтату туралы қаулысында осындай деп танылған мәміле (операция) бойынша;

      2)соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде жарамсыз деп танылған мәміле бойынша;

      3)қосылған құн салығын есепке жатқызу үшін негіз болып табылатын құжатта қате көрсетілген сома бөлігінде;

      4)сот осындай салық төлеушіден тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің іс жүзінде алынғанын анықтаған мәмілелерді қоспағанда, басшысы және (немесе) құрылтайшысы (қатысушысы) мұндай заңды тұлғаның заңды күшіне енген сот шешімімен анықталған тіркелуіне (қайта тіркелуіне) және (немесе) қаржы-шаруашылық қызметін жүзеге асыруына қатысы болмаған, Салық Кодекстің 85-бабы 6-тармағының 2) және 3) тармақшаларына сәйкес салық органының шешімі негізінде қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен алынған салық төлеушімен іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей жасалған мәмілелер бойынша алып тастауға жатады.

      Есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасынан осы бапта көзделген алып тастау ол үшін декларацияда қосылған құн салығы есепке жатқызылатын қосылған құн салығы ретінде танылған салықтық кезеңде жүргізіледі.