Жарияланған күні: 15.03.2024 15:10
Өзгертілген күні: 15.03.2024 15:29

«Салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары»

 

Салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары 25.12.2017 жылғы  121-VI   «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексінің  (Салық кодексі) 14 тарауында, 121 бабымен қарастырылған.

Аталған бап нормалары бойынша, салық органдары салық төлеуші – заңды тұлғаның, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің, Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезиденттің, дара кәсіпкердің, жеке практикамен айналысатын адамның салықтық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданады.

       Салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдану тәуекелдерді басқару жүйесінің нәтижелері ескеріле отырып жүргізіледі.

      Мәжбүрлеп өндiрiп алу шараларын қолдану басталғанға дейiн тәуекел деңгейлері орташа және жоғары салық төлеушiге салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама жiберiледi.

       Салық төлеушіге салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдану салық төлеушіде салықтық берешек түзілген күні немесе салық төлеуші тәуекел деңгейі төмен санаттан тәуекел деңгейі орташа немесе жоғары санатқа өткен күні салық төлеуші жатқызылған тәуекел деңгейіне байланысты, осы тарауда көзделген мерзімдерде жүзеге асырылады.

      Салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу мынадай тәртіппен жүргiзiледi:

      1) банктік шоттардағы ақша есебінен;

      2) дебиторлар шоттарынан;

      3) билік ету шектелген мүлікті өткізу есебінен;

      4) жарияланған акцияларды мәжбүрлеп шығару түрінде.

       Мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары   

1) банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізу қозғалған жағдайда;

2) салық төлеушіге қатысты оңалту рәсімі қолданылған жағдайда;

3) сот берешекті қайта құрылымдау туралы келісімді бекіткен жағдайда;

 4) екінші деңгейдегі банктер, сақтандыру ұйымдары мәжбүрлеп таратылған жағдайда;

 5) Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру ұйымдары филиалдарының қызметі мәжбүрлеп тоқтатылған жағдайда күші жойылуға жатады.

     Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасында айқындалған тәртіппен кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілмеген салықтық міндеттеме сомасы бойынша және сот бекіткен, берешекті қайта құрылымдау туралы келісімге енгізілмеген салық төлеушінің салықтық міндеттеме сомасы бойынша салық органы мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданады.

      Салық төлеуші салықтық берешекті өтеу туралы хабарламаға шағым жасаған жағдайда, салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдану шағымды қарау нәтижелері бойынша шешім шығарылғанға дейін тоқтатыла тұрмайды.