Жарияланған күні: 07.06.2024 18:10
Өзгертілген күні: 07.06.2024 18:13

Салық төлеушінің банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру 25.12.2017 жылғы №121-VI «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексінің (Салық кодексі) 14 тарауында, 118 бабымен қарастырылған.
Аталған бап нормалары бойынша, салық төлеуші– заңды тұлғаның, дара кәсіпкер, жеке практикамен айналысатын адам ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлғаның банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тәртiппен мынадай:
1) салық төлеушi (салық агенті) осы Кодексте белгіленген мерзiмде салықтық есептiлiкті ұсынбаған жағдайда – хабарлама табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап отыз жұмыс күні өткен соң;
2) салық төлеуші қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтінішті ұсынбаған жағдайда – көзделген хабарлама табыс етілген күннен бастап отыз жұмыс күні өткен соң;
3) тәуекелдерді басқару жүйесіне сәйкес тәуекел деңгейі жоғары санатқа жатқызылған салық төлеуші республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 6 еселенген мөлшерінен асатын мөлшерде салықтық берешегін өтемеген жағдайда – салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама табыс етілген күннен бастап бір жұмыс күні өткен соң; тәуекел деңгейі орташа санатқа жатқызылған салық төлеуші республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 6 еселенген мөлшерінен асатын мөлшерде салықтық берешегін өтемеген жағдайда – салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама табыс етілген күннен бастап он жұмыс күні өткен соң;
4) белгiленген салықтық тексеру жүргiзу тәртiбiн бұзу жағдайларынан басқа, салық органының лауазымды адамдарын салық салу объектiлерiн және салық салуға байланысты объектiлердi салықтық тексеруге және зерттеп-қарауға жібермеген жағдайда – жіберілмеген күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде;
5) салық төлеушінің тұрған жері бойынша болмауына байланысты пошта немесе өзге де байланыс ұйымы жіберілген хабарламаны қайтарған жағдайда – қайтарылған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде;
6) салық органдары камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама орындалмаған жағдайда –көрсетілген мерзім өткен күннен бастап бес жұмыс күні өткен соң жүргізіледі.
Банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кедендік төлемдерді, әлеуметтік төлемдерді, оларды уақтылы төлемегені үшін есепке жазылған өсімпұлды, сондай-ақ бюджетке енгізілуге жататын айыппұлдарды төлеу жөніндегі операциялардан, ақшаны өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу туралы талаптарды, сондай-ақ алименттерді өндіріп алу жөніндегі талаптарды қанағаттандыруды көздейтін атқару құжаттары бойынша; салықтық берешекті, әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті өтеу бойынша алып қоюдан басқа салық төлеушiнiң барлық шығыс операциясына қолданылады.
Салық төлеушінің банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру салық төлеушінің банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы салық органының өкімінде көрсетілген салықтық берешек сомасының шегінде жүргізіледі.
Салық төлеушiнің банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы салық органының өкiмi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен келісу бойынша уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша шығарылады және екінші деңгейдегі банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйым оны алған күннен бастап күшiне енедi.
Салық органы мұндай өкімді екінші деңгейдегі банктерге немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда телекоммуникация желілері бойынша беру арқылы жібереді. Салық төлеушінің банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы салық органының өкімі электрондық нысанда жіберілген кезде мұндай өкім Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп уәкілетті орган белгілеген форматтарға сәйкес қалыптастырылады.
Салық төлеушінің банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы салық органының өкімі екінші деңгейдегі банктердің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың бұлжытпай орындауына жатады және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген кезектілік тәртібімен орындалады.
Салық төлеушінің банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы салық органының өкімінде көрсетілген салықтық берешек сомасын салық төлеушінің өтеуі екінші деңгейдегі банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның осындай салық төлеушінің банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын қайта бастауы үшін негіз болып табылады.
Екінші деңгейдегі банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым салықтық берешек өтелген күні банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын салық төлеушінің банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы салық органы өкімінің күші жойылғанға дейін қайта бастайды.
Шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкiм шығарған салық органы банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру себептерi жойылған күннен кейiнгi бiр жұмыс күнiнен кешiктiрмей банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкiмнiң күшiн жояды.