Жарияланған күні: 20.05.2025 08:50
Өзгертілген күні: 20.05.2025 08:52

Салық төлеушінің банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру 25.12.2017 жылғы  121-VI   «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексінің  (Салық кодексі) 14 тарауында, 118 бабымен қарастырылған.

Аталған бап нормалары бойынша, салық төлеуші– заңды тұлғаның, дара кәсіпкер, жеке практикамен айналысатын адам ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлғаның банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тәртiппен мынадай:

       1) салық төлеушi (салық агенті) осы Кодексте белгіленген мерзiмде салықтық есептiлiкті ұсынбаған жағдайда – хабарлама табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап отыз жұмыс күні өткен соң;

       2) салық төлеуші қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтінішті ұсынбаған жағдайда – көзделген хабарлама табыс етілген күннен бастап отыз жұмыс күні өткен соң;

      3) тәуекелдерді басқару жүйесіне сәйкес   тәуекел деңгейі жоғары санатқа жатқызылған салық төлеуші республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 6 еселенген мөлшерінен асатын мөлшерде салықтық берешегін өтемеген жағдайда – салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама табыс етілген күннен бастап бір жұмыс күні өткен соң;    тәуекел деңгейі орташа санатқа жатқызылған салық төлеуші  республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 6 еселенген мөлшерінен асатын мөлшерде салықтық берешегін өтемеген жағдайда – салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама табыс етілген күннен бастап он жұмыс күні өткен соң;

      4) белгiленген салықтық тексеру жүргiзу тәртiбiн бұзу жағдайларынан басқа, салық органының лауазымды адамдарын салық салу объектiлерiн және салық салуға байланысты объектiлердi салықтық тексеруге және зерттеп-қарауға жібермеген жағдайда – жіберілмеген күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде;

       5) салық төлеушінің тұрған жері бойынша болмауына байланысты пошта немесе өзге де байланыс ұйымы жіберілген хабарламаны қайтарған жағдайда – қайтарылған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде;

       6) салық органдары камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама орындалмаған жағдайда –көрсетілген мерзім өткен күннен бастап бес жұмыс күні өткен соң жүргізіледі.

      Шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкiм шығарған салық органы банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру себептерi жойылған күннен кейiнгi бiр жұмыс күнiнен кешiктiрмей банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкiмнiң күшiн жояды.