Жарияланған күні: 19.12.2024 09:31
Өзгертілген күні: 19.12.2024 09:33

Белгіленген мерзімде бюджетке салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлемеген төлеушіге мәжбүрлеп өндіріп алу әдістері мен шараларын қолдану үшін негіздер Салық кодексінің 116-124 баптарында және Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларында көзделген.

Мәжбүрлеу сипатындағы әдістер мен шараларды қолдануды бастамас бұрын тәуекел деңгейі орташа және жоғары салық төлеушілерге «Салықтар бойынша берешекті өтеу туралы», «Әлеуметтік төлемдер бойынша берешек сомалары туралы» хабарламалар жіберіледі (бұдан әрі Хабарламалар).

 Анықтама үшін: әлеуметтік төлемдер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына және медициналық сақтандыру қорына міндетті жарналарды қамтиды.

Салық органы жіберген Хабарламалар салық төлеушіге электрондық түрде оның жеке кабинетіне жеткізіледі. Хабарламада төленбеген салықтың атауы мен сомасы, айыппұл санкцияларының мөлшері, міндеттемелер ерікті түрде орындалмаған жағдайда мәжбүрлеу шараларын қолдану түрлері мен мерзімдері егжей-тегжейлі көрсетіледі.

Сіз өзіңіздің жеке кабинетіңіз арқылы есептелген, төленген және төленбеген салықтар мен төлемдер туралы ақпаратты көре аласыз.

Салық төлеушіге (заңды тұлғаға, дара кәсіпкерге және жеке практикамен айналысатын тұлғаларға) бюджетке салық төлеу және әлеуметтік төлемдер бойынша өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда Салық кодексінің 119 бабына сәйкес шаралардың бірі салық органының салық төлеушінің кассасының шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкім шығару болып табылады (бұдан әрі Өкім).

Бұл ретте тәуекел деңгейі жоғары салық төлеушіге Өкім, хабарлама тапсырылған күннен бастап 1 жұмыс күні өткеннен кейін, тәуекелді орташа деңгейлі төлеушіге - 10 жұмыс күні өткеннен кейін шығарылады.

Кассалық аппарат бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру салық төлеушінің салық органының Өкімін сөзсіз орындауын білдіреді. Тәулік ішінде бақылау-касса аппаратын пайдалана отырып алынған ақша қаражаты 1 жұмыс күнінен кешіктірілмей берешекті өтеуге бағытталуы тиіс (барлық жеке кәсіпкерлер өз қызметінде бақылау-касса машиналарын пайдаланады).

Осы тәртіп бұзылған жағдайда салық төлеушінің салық органының нұсқамасын орындау мәселесі бойынша тақырыптық тексеру тағайындалады.

Сондай-ақ, салық төлеуші Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 277 бабы бойынша әкімшілік жауапткершілікке тартылады.

Салық органының Өкімі салық төлеуші салықтар мен әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті өтегеннен кейін 1 жұмыс күнінен кешіктірілмей жойылады.