Жарияланған күні: 15.05.2024 12:46
Өзгертілген күні: 15.05.2024 12:52

Жерүсті көздерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы төлеушілер. Есептеу және төлеу тәртібі.

 

Абай облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті жер үсті көздерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы (бұдан әрі–төлем) су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті органмен берілетін рұқсат құжаты негізінде жүзеге асырылатын арнайы су пайдалану түрлері үшін алынатынын еске саламыз.

Ресімделген рұқсат құжатынсыз арнайы су пайдалану суды алудың нақты көлемдерін белгіленген лимиттерден асып кететін су пайдалану ретінде қаралады.

Жер үсті көздерінің су ресурстарын пайдалануды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар төлемақы төлеушілер болып табылады.

Салық салу объектілері жер үсті су көзінен алынған судың көлемі болып табылады.

Төлемақы мөлшерлемелерін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi өкiлдi органдары су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкiлеттi орган бекіткен төлемақы есеп-қисабының әдістемесі негізінде белгiлейдi.

      Нақты су алу көлемi cу қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген су пайдалану лимиттерінен асып кеткен кезде осындай асып кету көлеміне бес есе ұлғайтылған төлемақы мөлшерлемелері қолданылады.

Төлемақы сомасын төлеушiлер нақты пайдаланылған су көлемi мен белгiленген мөлшерлемелерді негiзге ала отырып есептейді.

Төлемақы сомасы рұқсат құжатында көрсетілген арнайы су пайдалану жері бойынша бюджетке төленедi.

Төлемақы төлеушілер шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілерді қоспағанда, тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірілмейтін мерзімде декларация тапсырады.