Жарияланған күні: 22.02.2024 09:21
Өзгертілген күні: 22.02.2024 09:25

           Еркін қоймалар иелерінің тізіліміне енгізу «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы»  Қазақстан Республикасы Кодексінің 517-бабында айқындалған және мынадай шарттарды қамтиды:           

 

      1) еркін қойма ретінде пайдалануға арналған және мынадай талаптарға сәйкес келетін құрылысжайлардың, үй-жайлардың (үй-жайлар бөліктерінің) және (немесе) ашық алаңдардың меншікте, шаруашылық жүргізуде, жедел басқаруда немесе жалға алынған болуы:

      еркін қойма ретінде пайдалануға арналған аумақ заңды тұлғаның еркін қоймалар иелерінің тізіліміне енгізу туралы өтінішінде көрсетілген мақсатқа сәйкес тауарларды өндіру және қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жүзеге асыру үшін жабдықталған және жайластырылған болуға тиіс;

      жапсарлас тиеу-түсіру алаңдарын қоса алғанда, аумақтың (бір немесе бірнеше қойма үй-жайлары мен алаңдар) бөгде адамдардың кіруін болғызбауды қамтамасыз ететін бүкіл периметрі бойынша тұтас қоршауы болуға тиіс;

       тиеу-түсіру алаңдарын қоса алғанда, аумақтың осы Кодекстің 404-бабының 5-тармағына сәйкес белгіленуі;

      электр жарығымен жарақтандырылған және кеден органдарының бағдарламалық өнімдерімен үйлесетін тәулік бойы режимде жұмыс істейтін, күнтізбелік отыз күн ішінде болған оқиғалар туралы бейнеақпаратты қарауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бейнебақылау құралдарымен жабдықталған, жете тексеру пункттерінде орналасқан тауарларды жете тексеру үшін орындардың, оның ішінде жабық алаңдардың болуы. Бұл ретте жете тексеру орны белгіленуге және бейнебақылау құралдары үшін көрінбей қалатын аймақтар (учаскелер) болмауға тиіс;

      орналастырылатын тауарлардың сипатына сәйкес келетін сертификатталған таразы жабдығының болуы, ал арнаулы сақтау орнына газ орналастырылған жағдайда – тиісті есепке алу аспаптарының болуы;

      2) кеден органына өтініш берілген күнге кедендік төлемдерді, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын, өсімпұлдарды, пайыздарды төлеу бойынша белгіленген мерзімде орындалмаған міндеттің болмауы;

      3) уәкілетті орган бекіткен талаптарға сәйкес келетін, кедендік операцияларды жасау кезінде аумақтық кеден органдарына ұсынылған мәліметтерді шаруашылық операцияларын жүргізу туралы мәліметтермен салыстырып қарауға мүмкіндік беретін тауарларды есепке алу жүйесінің болуы;

       4) аумақтық кеден органдарына өтініш берілген күнге Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 521, 528, 532, 533, 534, 538, 539, 540, 544, 551, 552, 555 және 558-баптарына сәйкес Қазақстан Республикасы кеден заңнамасының нормаларын әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша заңды күшіне енген және орындалмаған қаулының болмауы және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының көрсетілген бұзушылықтарына алып келген себептердің жойылмау фактілерінің болмауы;

       Қазіргі уақытта пилоттық жоба жұмыс істеп тұр, ол бойнша барлық өтініштер, оның ішінде еркін қоймалар иелерінің тізіліміне енгізу туралы өтініштер, « Е-Терезе» кеден органдарының ақпараттық жүйесінде жүргізіледі.