Жарияланған күні: 06.03.2024 10:09
Өзгертілген күні: 06.03.2024 10:15

«Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 26 желтоқсандағы № 123-VІ ҚРЗ кодексінің (бұдан әрі-Кодекс) 411- бабының негізінде кедендік декларацияға қатысты кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді, кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттарды, кедендік декларацияларда мәлімделген және (немесе) кеден органдарына ұсынылған құжаттардағы мәліметтерді тауарлар шығарылғанға дейін басталған және тауарлар шығарылғаннан кейін аяқталатын, сондай-ақ тауарлар шығарылғаннан кейін басталған не осы Кодекске сәйкес кедендік бақылаудың осы нысанын қолданудың өзге жағдайларында тексеруді жүргізу кезінде кеден органы осы Кодекстің 426-бабына сәйкес кедендік бақылауды жүргізу үшін қажетті құжаттарды және (немесе) мәліметтерді сұратуға және алуға құқылы. Кедендік декларацияға қатысты кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді, кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттарды, кедендік декларацияларда мәлімделген және (немесе) кеден органдарына ұсынылған құжаттардағы мәліметтерді тауарлар шығарылғаннан кейін басталған тексеру нәтижелері бойынша кеден органы осы Кодекске сәйкес шешім қабылдайды. Осы тармақта көрсетілген тексеруді жүргізу туралы, сондай-ақ осындай тексеру жүргізудің нәтижелері туралы тұлғаны хабардар ету тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

426-бапқа сәйкес Кеден органдарының кедендік бақылауды жүргізу үшін қажетті құжаттарды және (немесе) мәліметтерді сұратуы, талап етуі және алуы туралы, келесі ақпаратты хабарлаймыз.

1. Кеден органдары кедендік бақылау жүргізу кезінде декларанттан, тасымалдаушыдан, кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардан және өзге тұлғалардан кедендік бақылауды жүргізу үшін қажетті құжаттарды және (немесе) мәліметтерді сұратуға, ал осы Кодексте белгіленген жағдайларда – талап етуге, сондай-ақ сұрау салынатын (талап етілген) құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсыну үшін жеткілікті болуға тиіс оларды ұсыну мерзімін белгілеуге құқылы.

      2. Сұрау салынатын (талап етілген) құжаттардың және (немесе) мәліметтердің тізбесін кеден органы мәміле (операция) шарттарын, тауар сипаттамаларын, оның мақсатын, сондай-ақ өзге де мән-жайларды ескеріп, тексерілетін құжаттарды және (немесе) мәліметтерді негізге ала отырып айқындайды.

      3. Кеден органы құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсыну туралы сұрау салуда (талапта) белгілеген мұндай құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсыну мерзімі сұрау салу (талап), жіберілген тұлғаның уәжделген өтінішінің негізінде, оның ішінде жоғалған құжаттарды қалпына келтіру үшін ұзартылуы мүмкін. Құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынудың ұзартылатын мерзімі сұрау салу жіберілген тұлғаның өтініші негізінде айқындалады, бірақ ол құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынудың кеден органы белгілеген мерзімі өткен күннен бастап екі айдан аспауға тиіс.

       4. Кедендік бақылауды кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеру нысанында жүргізген кезде, кеден органы құжаттарды және (немесе) мәліметтерді осы бапқа сәйкес сұрататын осы Кодекстің 411-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстің 410-бабына сәйкес құжаттарды және (немесе) мәліметтерді сұратады.

      5. Егер Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында құжаттардың түпнұсқаларын міндетті түрде ұсыну белгіленбесе, кеден органдары сұратқан құжаттардың түпнұсқалары немесе көшірмелері, оның ішінде электрондық құжаттардың қағаз көшірмелері ұсынылады.

      Ұсынылған құжаттардың көшірмелерін оларды ұсынған тұлға куәландыруға тиіс.

      Кеден органдары ұсынылған құжаттардың көшірмелерінің олардың түпнұсқаларымен сәйкестігіне тексеруге құқылы.

      Егер ұсынылған құжаттар қазақ немесе орыс тілінен басқа өзге тілде жасалған жағдайда, оларды ұсынған тұлғалар кеден органы лауазымды адамының талап етуі бойынша көрсетілген құжаттардың аудармасын қамтамасыз етуге міндетті.

      6. Декларант, тасымалдаушы, кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалар және өзге тұлғалар кеден органдарына кедендік бақылауды жүргізу үшін қажетті құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ауызша, жазбаша және (немесе) электрондық нысандарда ұсынуға міндетті.

      7. Кеден органдары Қазақстан Республикасының және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттердің мемлекеттік органдарынан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттердің өзге де ұйымдарынан кедендік бақылауды жүргізу үшін қажетті құжаттарды және (немесе) мәліметтерді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сұратуға және алуға құқылы.

      8. Кедендік бақылауды жүргізу үшін кеден органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес банктерден және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан жүзеге асырылатын мәмілелер бойынша ақша операциялары туралы құжаттарды және (немесе) мәліметтерді алуға құқылы.